Новости

«Ақтөбе» газеті: МҰНАЙШЫЛАР МЕРЕКЕЛЕДІ


08.09.2023



МҰНАЙШЫЛАР МЕРЕКЕЛЕДІ

Сейсенбіде Ақтөбеде «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы жергілікті кәсіподағының ұйымдастыруымен дәстүрлі ұжымдық спартакиада өтті. Аталған іс-шара жыл сайын қыркүйек айында, яғни, Мұнайшылар күні кәсіби мерекесіне орайластырылып өткізіледі.

Спорт салтанат құрған күн

Жаңажол, Кеңқияқ, тағы басқа да кен орындарынан командалар келіп, барлығы 700-ден астам мұнай-газ қызметкері қатысқан спорт шарасы әдеттегідей Мемлекеттік Әнұранның шырқалуымен басталды. Ұжымдық спартакиаданың ашылуында сөз сөйлеген «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ бас директоры Ли Шуфэн:

— Бүгін біз өзіміздің кәсіби мерекеміз — Мұнайшылар күнін мерекелеуге жиналып отырмыз. Компания қызметкерлерін шын жүректен құттықтаймын. Қазақстан мен Қытай байланысы сонау Шығыс пен Батысты, Азия мен Еуропаны жалғайтын «Жібек жолынан» басталады. Екі мың жылдан асатын уақыттан бері екі ел бір біріне саяси сенім білдіріп, экономикалық қарым-қатынас пен сауда-саттықта, мәдени байланыста қолдау білдіріп, қатар дамып, көркейіп келеді. Соңғы екі жылда Қазақстан мен Қытай басшылары бірнеше рет кездесті. Екі ел арасындағы байланыс нығая түсті, ал халықтары екі мемлекеттің басшылары көрсеткен бағыт-бағдармен Қазақстан мен Қытайды көркейтетін дұрыс жолда келе жатыр. Көп жылдан бері қазақ және қытай мұнайшылар толағай табыстарға жетіп, Жібек жолы өркениеті дамуының жаңа тарауын жазып, мұнай-газ ынтымақтастығының жемісін көру үшін иық тіресе еңбек етіп келеді. Осыдан жиырма алты жыл бұрын Қазақстан мен Қытайдың бірлесіп, алғашқы инвестициялық жобасы — «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамын құрып, екі елдің экономикасы мен мәдениетіне ынтымақтастық қақпасын аштық. Акционерлік қоғам өзінің өндірістік қызметінде ғылыми-техникалық жобаларды белсенді түрде қаржыландырып отырады, сондай-ақ әлеуметтік міндеттемелерді орындау бойынша жүйелі жұмыс жүргізіледі. Осылайша компания өзінің өндірістік-шаруашылық қызметін дамытумен қатар, Ақтөбе облысының, жалпы Қазақстанның экономикасының артуына зор үлес қосып келеді. Қазақстан мен Қытай арасындағы «алтын көпір» бола отырып, біз екі елдің Үкіметі мен жалпы жұртшылықтың сенімін ақтай алдық. Ал бүгін дәстүрлі спартакиада қатысушыларына сәттілік тілеймін. Мұнайшыларды төл мерекелерімен құттықтап, отбасыларына амандық, еңбектеріне табыс тілеймін, — деді.

Шараның ашылу салтанатын «Керім-ай» би ансамблінің бишілері «Шашу» және «Қара жорға» билерімен өрнектесе, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясының филиалдары мен басқармаларында жұмыс істейтін белсенді жастар спорттық би биледі. Өнерпаз екі жігіт Табылды Досымовтың «Сәйгүлік» әнін шырқап, жарысқа қатысушыларды жігерлендіріп, ерекше көңіл күй сыйлады.

ВРЗ

1997 жылы маусым айында Қытай ұлттық мұнай-газ корпорациясы (CNPC) Қазақстан Үкіметінен «Ақтөбемұнайгаз» АҚ акцияларын сатып алды, бұл мұнай-газ саласындағы ұзақ мерзімді Қазақстан мен Қытай ынтымақтастығына тарихи бастама берді.

Жастық жігер немесе ұжымдық рух

Спартакиадаға қатысушы әр ұжымның облысымыздың тарихына қосқан өзіндік үлестері зор. Кеш жүргізушілері Ерік Елемесов пен Жазира Күзембаева жарыс алдында барлық қатысушы командаларды таныстырып шықты. «Кеңкияқ» мұнай-газ өндіру басқармасы — облыста алғаш мұнай-газ саласының мамандары шыққан орта. Кеңес үкіметінен бастап әлі күнге жұмысын жалғап келе жатқан мекемеде акионерлік қоғамның негізі қаланған. Ал Жаңажол мұнай-газ өңдеу кешені — Ақтөбе облысы мен республиканың кейбір жерлерін сұйылтылған газ өнімдерімен қамтып отырған бірден-бір кен орны. Өндіріс орнында 1560 адам жұмыс жасайды. Мұнай және мұнай өнімдерін сату басқармасы 1995 жылы сәуір айында құрылды. Оның негізгі міндеті — акционерлік қоғам өндіретін көмірсутегілерді өткізу және басқа операцияларды жүзеге асыру.

«Октябрьмұнай» мұнай-газ өндіру басқармасы — акционерлік қоғамның негізгі күретамыры — мұнай өндіруші негізгі кәсіпорын. Басқарма мамандарының барлығы дерлік өз ісінің хас шеберлері. Сондай-ақ спартакиадаға «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамының басқарма аппаратының, Ғылыми зерттеу институтының, «КМК-Мұнай» мекемесінің, қоғамдық тамақтандыру және сауда, құрылыс, «Ақтөбе ЭнергоМұнай», «Ақтөбемұнайсервис» басқармаларының командалары қатысты. Алаңға биылғы спартакиаданың туын былтыр жалпы командалық есепте жеңімпаз атанған Өндірістік-техникалық қамту және жабдықтармен жинақтау басқармасының командасы алып шықты. Бұл команданың қыздары 2015 жылы волейболдан жеңімпаз атанса, екі жыл қатарынан шағын футболдан да жеңісті қолдан бермеді.

Осылайша спорттың әр түрі бойынша сайдың тасындай жыл бойы іріктелген 12 команда ақтық сайыста кездесті. Команда мүшелері арқан тартып, асық атып, гір көтеріп, доп теуіп, футбол ойнады. Желаяқтары жүгіріп, жеңіл атлетикада өздерін сынап көріп жатты. Спартакиада 60 метрлік қашықтыққа жүгіруден басталды. Мұнда Жаңажол мұнай-газ кешенінің лаборанты Көркем Асауова желаяқтығын көрсетіп, қарсыластарынан оқ бойы озық келіп, жеңімпаз атанды. 14 команданың желаяқтарын шаң қаптырып, топ жарған Көркем өзінің спортқа жақын екенін, әсіресе, волейбол ойнағанды ұнататынын айтты.

Кейбір жұптар балаларымен бірге отбасылық эстафетаға қатысты. Спорт сүйер жұптардың бірі — Серік пен Гауһар Құмалақовтар отбасы. Олар биыл жарысқа ұлы Қайсарды ертіп келіпті.

— Жасым — 39-да. 14 жылдан бері осы «Ақтөбемұнайгаз» компаниясында жұмыс істеймін. Осындай ірі мұнай компаниясында жұмыс істейтініме қуаныштымын. Негізі IT маманымын. Қазір мұнай және мұнай өнімдерін өткізу басқармасында кадр бөлімінің бірінші санатты инженері боп қызмет етемін. Жолдасым Серік — мұнайшы. Бірақ басқа компанияда жұмыс істейді. Екі баламыз бар. Бұрын қызымыз Айямен бірге қатысқанбыз. Ол қазір қыздарға арналған қазақ-түрік лицейінде оқиды, — деді Гауһар Құмалақова.

Ал Қайсар бізге өзінің Әл Фараби атындағы №21 мамандандырылған гимназияның 3-сыныбында оқитынын, отбасы мүшелерінің бәрі де спортқа жақын екенін, өзі қазір джуи-джитсу секциясына қатысып жүргенін, эстафеталық жарыста жеңіске жету үшін жанын салып жүгіріп, ата-анасына қолдау білдіретінін айтты.

«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ жергілікті кәсіподақ ұйымының төрағасы Самат Сатовтың айтуынша, биылғы спартакиаданың ерекшелігі — жасы 40-тан асқан қызметкерлер мен ардагерлердің қатысуына мүмкіндік берілді. Бұрын дүбірлі додаға тек жасы қырыққа дейінгі жігерлі жігіттер мен қайсар қыздар қатысатын. Командааралық сайыста ұжымдық рух та ерекше көрінеді. Оған әріптестерінің алаңдағы қиқуы мен қолдауын қосыңыз. Алаңдағы тартысты өткен сайыстағы қатысушылардың эмоциясын, жеңіске деген ұмтылысын тек сезіну керек, жастық жігер осындай болса керек-ті.

Кәсіподақ пен қамқорлық

«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ қызметкерлерінің ұжымдық спартакиадасына қонақ боп келген «Ұлы қабырға» қазақстандық-қытайлық бұрғылау компаниясы» қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы және еліміздегі мұнай-газ салалық кәсіподақ ұйымының өкілі Бекболат Омаров:

— Мерекелік думанға айналған мұнайшылар спартакиадасын акционерлік қоғамның жергілікті кәсіподағы ұйымы ұйымдастырып отыр. Кәсіподақ ұйымының ұжымдық шарттары бар. Орындалуы да жаман емес. Спорттық шара ұжымның ауызбіршілігіне оң әсер етеді, сондықтан да аталған кәсіподақ ұйымы дәстүрлі спартакиаданы жыл сайын жоғары деңгейде ұйымдастырып, еңбек қатынасын тиімді реттеп отыр, — деді.

«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ жергілікті кәсіподақ ұйымының төрағасы Самат Сатовтың айтуынша, ұжымдық спартакиада — мұнай-газ кешені қызметкерлері үшін дәстүрлі мейрам.

— Бүгінгі спартакиада жыл бойы өтіп жатқан спорттық шаралардың ақтық мәресі іспеттес, яғни, жылды қорытындылап, жеңімпаздар анықталатын күн.

Яғни, бүгінгі қатысушыларымыз — өз мекемелерінің ішінде іріктеуден өткен үздіктер, одан кейін кәсіподақ ұйымдары оларға арнайы спорт залдарын жалға алып, қызу дайындық жұмыстарын ұйымдастырды. Төрелік етуге кәсіби төрешілер тартылды. Ұжымдық спартакиадаға 450-ге жуық мұнайшы қатысты. Жарыстың мақсаты — компания қызметкерлері арасында ынтымақтастық орнатып, салауатты өмір салтын насихаттау, — деді Самат Сәтов.

Ұжымдық спартакиаданың қорытындысы бойынша, командалық есепте Жаңажол мұнай-газ өңдеу кешені І орынға ие болды. Екінші орынды «Октябрьмұнай» мұнай-газ өндіру басқармасы, үшінші орынды өндірістік-техникалық қамту және жабдықтармен жинақтау басқармасы иеленді. «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ баспасөз хатшысы Антон Пережогиннің айтуынша, компания жыл сайын «Мектепке жол» республикалық акциясына қатысып, балаларды мектепке дайындауға көмектеседі. Биыл Кеңқияқ ауылының 25 баласын, Шұбарши ауылының 25 баласын оқу құралдарымен қамтамасыз етті. Сонымен қатар облыс орталығындағы басқармалардың қызметкерлері қала мектептеріндегі әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы балаларының мектепке баруы үшін құрал-жабдықтар алып беріп, көмектесті.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.



















Официальные (рыночные) курсы валют
Официальные (рыночные) курсы валют


Акимат города Актобе

Акимат Актюбинской области

«ПетроКазахстан Инк.»