Новости

Ұлттық спорт

Ақтөбе қаласында тұңғыш рет өткен «Алаш сақасы» республикалық турнирінің финалдық кезеңінде «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ қызметкері Құлыбек Ғарышбек топ жарды


18.07.2024

Ақтөбе қаласында тұңғыш рет «Алаш сақасы» республикалық турнирінің финалдық кезеңі өтті. Оған Астана, Шымкент қалаларынан және Ақтөбе, Ақмола, Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Маңғыстау, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Түркістан және Ұлытау облыстарынан келген 30 спортшы қатысты.

Республикалық турнирде Ақтөбе облысының намысын біздің «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ Мұнай және мұнай өнімдерін сату басқармасы Газ өткізу бөлімінің инженер-диспетчері Құлыбек Ғарышбек қорғады.





Турнирдің ашылу салтанатына: - Әлібек Байнешов, Ақтөбе облысы ішкі саясат басқармасының басшысы - Азамат Манапов, Қазақстан Республикасы Асық ату федерациясының атқарушы директоры - Жомарт Сабыржанұлы, Асық ату спортының негізін қалаушы - Әбілқайыр Сотқаров, Ақтөбе облыстық асық ату федерациясының президенті - Ерғали Мұхитдинов, Қазақ күресінен тұңғыш Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы, Қазақ күрес федерациясының тұңғыш президенті, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор - Евгений Гончарев, Ақтөбе облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы секілді белді тұлғалар қатысты.

Осы сайыста Ақтөбе облысының намысын қорғаған біздің әріптесіміз Мұнай және мұнай өнімдерін сату басқармасының қызметкері Ғарышбек Құлыбек сенсация жасап, мықтылардың барлығын жарыс жолынан шығарып финалға шықты. Финалда жарысқа «Тау адам» деген лақап атпен қатысқан Асық атудан Түркістан облысы бойынша іріктеу турнирінің жеңімпазы, ҚР және Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, бірнеше дүркін Қазақстан кубогінің иегері, ел чемпионатының күміс жүлдегері, Азия чемпионы, «Алтын тұғыр» иегері, ұлттық құрама мүшесі Амандос Айтқұловпен кездесіп, 1:2 есебімен жол берді.

Дегенмен Ғарышбек нағыз асықшыға сай өнер көрсетті. Осылайша асық ату спортында жаңа есім пайда болды. Ғарышбектің өнеріне риза болған Асық ату спортының ұйымдастырушылары біздің Ғарышбекке арнап жыр шығарды.

ҒАРЫШБЕККЕ!

Келеді әне Ғарышбек,

Топты жарып қараңдар!

Қуан байтақ Ақтөбе,

Мықты осындай балаң бар!

Мойындады біздерді,

Жарысқа келген адамдар!

Өнеріне риза боп,

Оң баға берді мамандар!

Өзіңді әркез қолдайтын,

Әбілқайырдай ағаң бар.

Тілеуіңді тілейтін,

Ақтөбедей қалаң бар!

Жасай бер жаса Ғарышбек,

Келесі жолы жарыста,

Бас жүлде алар шамаң бар!

Ең бастысы асықта,

Бұдан былай өзіннің,

Орның менен бағаң бар!

"Алаш сақасы" турнирінде сенсация жасап, күміс жүлдегер атанған жерлесіміз Ғарышбек Құлыбек ұлттық құрама сапына шақырту алып, бүгін Ақтөбеден Көшпенділер ойындары қарсаңында Щучинскде өтетін оқу-жаттығу жиынына аттанып кетті. Жолың болсын Ғарышбек! Ақтөбенің үмітін ақтайды деп өзіңе сенім артамыз!





Ақпарат дайындаған:
«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ
жергілікті кәсіподақ ұйымы
Материалдар Ақтөбе облыстық Асық ату
федерациясының баспасөз қызметінен алынды



















Официальные (рыночные) курсы валют
Официальные (рыночные) курсы валют


Акимат города Актобе

Акимат Актюбинской области

«ПетроКазахстан Инк.»