Новости



Төлтума өнер


10.05.2024

Ағымдағы жылдың 5-мамырында «Асық ату» күніне орай, Ақтөбе облыстық дене шынықтыру басқармасының ұйымдастыруымен, ересектер арасында асық атудан Ақтөбе облысының ашық турнирі Ақтөбе ферроқорытпа зауытының дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде өтті. Жарыстың негізгі мақсаты мен міндеті ұлттық ойынымыз асық атуды дамыту және бұқаралық сипатын жетілдіріп, жалпыхалықтық ойынға айналдыру. Жарысқа Ойыл, Хромтау, Ырғыз, Мұғалжар аудандарымен қоса Ақтөбе қаласының мектептері, Асық ату федерациясы және Ақтөбе ферроқорытпа зауыты мен «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамынан спотшылар қатысты. Жалпы саны 31 үміткер тіркелді. Сайыс жекелей есеппен өтті. Жарыстың ережесі бойынша әр ауданнан 3 ойыншы, ал әр мекемеден 2 ойыншыдан қатысуға рұқсат етілді.

«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамының атынан сайысқа Қаражанов Алмас Қонысбайұлы - «Кенкияқмұнай» Мұнай-газ өндіру басқармасының №4 Цех машинисті мен Құлыбек Ғарышбек Нұрбекұлы – Мұнай және мұнай өнімдерін өткізу басқармасының Инженер – диспечері тіркелді. Жарыстың регламенті бойынша байқау іріктеу кезеңнен басталды. Жарысқа қатысатын 31 спортшы алты топқа бөлініп, айналма жүйе бойынша бір-бірімен ойнап шығып, ең көп ұпай жинаған екі адам келесі турға өтеді.

Алмас Қаражанов 5-ші топқа түсіп, 2 қарсыласынан ұтылып, 2 қарсыласын жеңді. Алмастың топтағы соңғы қарсыласы былтырғы Ақтөбе облысының қола жүлдегері Сағымбек Мінайдар арасындағы ойын тартысты өтті. Ойынның негізгі бөлігі 1-1 есебімен тең аяқталып, шешуші кезеңде Алмас мергендік пен табандылық танытып жеңіске жетті. Өкінішке қарай, 2 ұпаймен топтан шыға алмай жарысты аяқтады. Алмаса Қаражановтың бұл деңгейдегі алғашқы жарысы, соған қарамастан жақсы нәтижеге қол жеткізді. Алмасқа алдағы жарыстарда сәттілік пен жеңістер тілейміз.





Ғарышбек Құлыбек 3-ші топқа түсіп, қарсыластарын түгел ұтып, жеке дара көш бастап 4 ұпаймен топтан 1-ші болып келесі кезеңге жіберілді. Келесі кезеңге жолдама алған 12 спортшы арасында 1/4 финалға өтті. 1/4 финалдағы қарсыласы Ойыл ауданынан келген дене шынықтыру пәнінің мұғалімін 2-0 есебімен тізе бүктірді. 1/2 финал Ғарышбекке оңай болмады. Ол осы жарыстағы ең тәжірибелі спортшы Ырғыздық Мейіржан Әбішпен жолықты. Ал Ырғыз ауданының спортшылары асық атудан облысымыз ғана емес, республикалық турнирлердің жүлдегерлері. Жерлесі әрі дене шынықтыру пәнінен сабақ берген ұстазымен болған тартысты сайыста 2-1 есебімен Ғарышбек жеңіске жетіп, финалға жолдама алды. Жарыстың регламенті бойынша финалға 3 адам шығып, бір-бірімен ойнауы тиіс. Көп ұпай жинаған адам жарыс жеңімпазы атанады. Финалда бірінші қарсыласы Ырғыз ауданындағы балалар- жасөспірім спорт мектебінің асық атудан аға жаттықтырушысы Саят Бақытжанұлымен кездесті. Бұл сайысты көргенде арманда, көрмегенде арманда. Өте тартысты болғаны сонша соңғы 8-ші сақаға дейін ойнатылды. Ғарышбек 1-2 есебімен қарсыласына жол беріп, осы жарыстағы алғашқы жеңілісі тіркелді. Кесте бойынша Ғарышбектің финалдағы қалған 2 қарсыласы өзара сайысқа түсті. Облыстың барлық мықтылары жиналған жарыстың қызығы финалда басталды. Саят Бақытжанұлы 0-2 есебімен қарсыласына жол берді. Бұл дегеніміз біздің Ғарышбекке қиын болса да жақсы мүмкіндік. Турнирдің соңғы және шешуші сайысында Ғарышбек Ақтөбе облысы бойынша асық атудан аға жаттықтырушысы Аян Амантаевпен кездесті. Жарыстың жеңімпазы атану үшін Ғарышбекке қарсыласын 2-0 есебімен жеңу керек болды. Кез келген жарыста өзіңмен деңгейлес спортшылар ақтық сында кездескенде, жеңіске жеткізетін факторлардың бірі- жүйкенің мықтылығы. Ғарышбектің асығы алшысынан түсіп 2-0 есебімен жеңіске жетті. Жарысты қортындылай келе қосымша көрсеткіштердің есебінен Ғарышбек Құлыбек турнирдің жеңімпазы атанып, «Облыстық асық ату федерациясының дипломмен» марапатталды. Сайысқа қатысып, ұжымның мәртебесін көтеріп жүрген жігіттерге ризашылығымды білдіремін.

Біздің ұжымның атынан жігіттеріміздің турнерге қатысуына мұрындық болған «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның Қауіпсіздікті үйлестіру жөніндегі бас инспекторы, «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» бастауыш ұйымының төрағасы Абай Дидарұлы мырзаға, жұмыстан босатып жарысқа қатысуға мүмкіндік берген Еңбек қорлары департаментінің директоры Чжао Эньцзе мырзаға, Бас директордың көмекшісі -«Кенкияқмұнай» Мұнай-газ өндіру басқармасының бастығы Рафик Ақманов мырзаға, Мұнай және мұнай өнімдерін өткізу басқармасының бастығы Цао Цзифань мырзаға алғыс айтамын.

«Асық ату» ойыны- қазақ халқының ежелгі өте кең тараған ұлттық ойын түрлерінің бірі. Этномәдени өмір тудырған төлтума өнер деп танимыз. Ойынның басты объектісі де, құралы да – асық. Ойын ептілікке, мергендікке, ұқыптылыққа, сергектікке баулитын тәрбиенің көзі. Осындай дәстүрлі ойынды жаңғырту, кеңінен тарату біздің міндет. Ал дәстүріміздің жоғалмауына аталысқан әрбір тұлға мақтауға лайық.





«СНПС-АҚТӨБЕМҰНАЙГАЗ» АҚ
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының»
бастауыш ұйымының төрағаның орынбасары Н.Нұртазин



















Официальные (рыночные) курсы валют
Официальные (рыночные) курсы валют


Акимат города Актобе

Акимат Актюбинской области

«ПетроКазахстан Инк.»