Новости


Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мерекесін «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ еңбек ұжымы ішінде жоғары деңгейде аталып өтті

26.03.2025

Наурыз — жылдың басы, күн мен түннің теңелер шағы. Тамырын тереңнен тартқан осынау мейрам — береке мен бірліктің. Тазалық пен татулықтың тұғырын нығайтып, риясыз шаттық пен қуанышқа кенелтер ұлы мереке.

Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесін Ақтөбе қаласында және вахталық әдіспен жұмыс істеп жатқан кен орындарындағы еңбек ұжымы мүшелеріне арнап кең көлемде аталып өтті.

14 Наурыз – Көрісу күні бас ғимарат ұлттық нақыштағы ою-өрнектермен безендіріліп ерекше сәнге енді. Оның үстіне қызметкерлеріміз ұлттық киім киіп, бір-бірімен көрісіп жаңа жастарымен құттықтап жатты.

Наурыз мерекесін акционерлік Қоғамның бас ғимаратында тойлаудың негізгі бөлігі 20 Наурыз күні өтті. Таңертең қызметкерлерді облыстық кәсіби өнер ұжымдарынан құрылған ұлт-аспаптар оркестрі қарсы алды. Әсем күйдің әуені қызметкерлерімізге мерекелік көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Осы жылы Наурыз мерекесі қасиетті Рамазан айымен бірге келді сондықтан да мерекенің жалғасы 20 Наурыз күні таңертең әр қабаттағы, әр іс-бөлмелеріндегі қызметкерлерімізді Жарапазан айтып құттықтады, мерекелік концертке шақырды.

Мерекелік концертке акционерлік Қоғамның директоры Ли Шуфэн, бас директордың бірінші орынбасары Есенғұлов Тақталифум Сәдуұлы, Жергілікті кәсіподақ ұйымынң төрағасы Сәтов Самат Сәтұлы және Акционерлік Қоғамның басшылық құрамы мен еңбек ұжымы қатысты. Концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып, Асық ату, Ләңгі тебу, аорқан тарту сияқты ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Мерекелік шаралар Бұқара ақпарат құралдары тарапынан жоғары баға беріліп жергілікті телеканалдардан көрсетілді.

Салтанатты мерекелік шаралар - 22 Наурыз күні Северная трува кен орнынла жалғасты. Вахталық әдіспен жұмыс істейтін еңбек ұжымы мүшелерінің көптен бері айтып келе жатқан өтініші Ащысай вахталық ауылына футбол алаңын салып беру еді. Былтыр күзде Акционерлік Қоғам басшылығы мен Жергілікті кәсіподақ ұйымының қол жеткізген келісімі нәтижесінде Қоғамдық тамақтандыру және сауда басқармасы футбол алаңын салды.

Сонымен Ұлыстың ұлы Наурыз мерекесін кен орындарында тойлау – ащысай кен орнындағы футбол алаңының салтанатты ашылумен басталды.

Ашылу салтанатына Акционерлік Қоғамның бас директоры Есенғұлов Тақталифум Сәдуұлы мен Жергілікті кәсіподақ ұйымының төрағасы Сәтов Самат Сәтұлы арнайы ресми түрде қызыл баулығын (лента) қиды.

Акционерлік Қоғамның бас инженері Ян Юэхуа мырза еңбек ұжымын Наурыз мерекесімен құттықтап, Акционерлік Қоғамның бас директоры Ли Шуфэн мырзаға ыстық құттықтауын жеткізді. Сонымен қатар ашылу салтанатына Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі бас менеджер Сақтағанов Абай Дидарұлы. “Октябрьмұнай” МГӨБ басшысының орынбасары Әбдіжами Шынболат Бекболатұлы, Қоғамдық тамақтандыру және сауда басқармасының басшысы Өтегенов Ардақ Садақбайұлы, «Кенкиякмұнай» Мұнайгаз өндіру басқармасы басшысының орынбасары Арзукулов Утемис Уразаевич сонымен қатар барлық бастауыш кәсіподақ төрағалары қатысты.

Ащысай вахталық ауылында “Октябрьмұнай” Мұнайгаз өндіру басқармасы Наурыз көжесі мен бауырсағымен қонақтарды құшағын ашып қарсы алды. Қоғамдық тамақтандыру басқармасы мен “Вэст сервис ЛТД” компаниясы мерекелік шараларға қатысушыларға ыстық тағамдарын дайындады.

Есенғұлов Тактаилифум мырза алаң ортасынасынан алғаш болып допты ойынға қосып, алғашқы голдың авторы атанды. Бұл жағдай тарихта сақталып қалатыны сөзсіз. Одан кейін Акционерлік Қоғамның филиалдарынан құралған командалар арасында керемет турнир өткізілді.

Турнирге барлығы бес команда қатысты. Ашылып жатқан кіші футбол алаңының иесі ретінде “Северная Трува” команданың өз алдына қатысуы қуантты. Турнир қорытындысы бойынша “Кенкиякмұнай” Мұнайгаз өндіру басқармасы айқын басымдықпен жеңімпаз атанса, Жаңажол мұнайгаз өндіру басқармасы және “Октябрьмұнай” Мұнайгаз өндіру басқармасы командалары сәйкесінше екінші және үшінші орындарды иеленді, Ынталандыру жүлдесіне “Өндіріс” командасы ие болды.

Жаңажол вахталық ауылының Мәдениет үйінің алдында үлкен киіз үй тігілді, еңбек ұжымына арналып Наурыз көже, Үш қазан палау асылды, бауырсақтар таратылды. Наурыз мерекесіне арналған үлкен торт дайындалып жұмысшыларға таратылды. Барлық жиналған халыққа нағыз мерекелік көңіл сыйлады. Осы жерде өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қараған Қоғамдық тамақтандыру және сауда басқармасына басшысы Утегенов Ардақ Садақбаевич және «Вэст-сервис ЛТД» компаниясына үлкен алғыс білдіреміз.

Түстен кейін мерекелік шаралар Қазақтың Ұлттық ойыны Асық атудан басталды. Соңғы жылдары Асық ату спорты еңбек ұжымы арасында үлкен қызығушылыққа ие, оның үстіне қуантарлық жағдай жыл сайын қызметкерлеріміз арасында кәсіби деңгейлері артып, бәсекелестік күшейіп келеді. Асық ату спортынан біздің арамызда мақтан тұтарлық өзіміздің жұлдызымыз бар ол Құлыбек Ғарышбек.

Мұнай және мұнай өнімдерін сату басқармасының қызметкері Ғарышбек – Асық ату спортынан Ақтөбе облысының чемпионы, Республикалық турнирлердің бірнеше рет жүлдегері, Көшпенділер ойыны кезінде Қазақстан құрама командасының мүшесі. Бұл жолы Ғарышбек біздің ойындарымызға төрешелік етті.

Асық ату спортынан «Кенкиякмұнай» Мұнайгаз өндіру басқармасының жігіттері сөзсіз жеңімпаз атанды. Екінші және үшінші орындарды «Октябрьмұнай» Мұнайгаз өндіру басқармасы және «Өндіріс» құрама командасы сәйкесінше иеленді.

Арқан тарту, қой көтеру жарыстары көрермендер үшін өте қызықты, тартысты өтті. Арқан тарту спортынан тағы да Кенкияк жігіттері жеңісті ешкімге берген жоқ. Жаңажол мұнайгаз өңдеу кешенінің жігіттері екінші орынды алса, үздік үштікті «Октябрьмұнай» Мұнайгаз өндіру жігіттері қорытындылады.

Қой көтеру спортынан Жаңажол мұнайгаз өңдеу кешенінің палуаны Молдағазин Нұрсипат қойды 110 рет көтеріп жиналған халықты таңқалдырды. Жүлде ретінде сол өзі көтерген қойын өзімен бірге алып кетті.

Соңғы жылдары елімізде қарқынды дамып келе жатқан қыздар арасында ұлттық спорт түрі «Бес асықтан» біз алғаш рет сайыс ұйымдастырған болатынбыз – бұл бастамамыз сәтті болып еңбек ұжымымыздың ішінде Бес асықты жақсы ойнайтын қыздарымыз көп екенін білдік. Бірінші орынды «Октябрьмұнай» Мұнайгаз өндіру басқармасының лаборанты, қылықты қызымыз Шамырханова Жұлдыз жеңіп алды. Екінші орынды Жаңажол мұнайгаз өңдеу кешенінің қатысушысы Разакова Гүлнәр, ал үшінші орынды «Өндіріс» құрама командасының өкілі Мұратбаева Гульяйм иеленді.

Спорттық ойындарды қорытындылай келе «Кенкиякмұнай» Мұнайгаз өндіру басқармасы басшысының орынбасары Арзукулов Утемис Уразаевич пен кәсіподақ ұйымының төрағасы Альмуханов Омарғали Сағиұлы бастап келген Кенкияктың жігіттерінің мықтылығын ерекше атап өту керек, олар футболдан, асық ату, арқан тарту спорттарынан мықты екендерін дәлелдеп жеңімпаз атанды.

Еңбек ұжымы атынан өзіміздің ұлттық спорт түрлерін кеңінен насихаттап, спорттық жарыстарды көбейту туралы ұсыныстар түсті. Біз өз тарапымыздан алдағы уақытта осы бағытта жұмыс істейтін боламыз.

Спорттық ойындар арнайы викториналық сұрақ\жауап ойындарымен жалғасты. Сұрақтар негізінен тәрбиелік мәні бар ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін және қасиетті Рамазан айына қатысты сұрақтар болды. Жауаптарын дұрыс тапқан әріптестерімізге сыйлықтар табыс етілді.

Облыстық кәсіби өнер ұжымдарының әдемі әндері, ұлт-аспаптар оркестірінің үш сағатқа созылған үлкен концерттік бағдарламасы жиналған халықтың көңілінен шықты, әншілермен бірге ән айтты, би биледі.

Ұлыстың Ұлы күні Наупыз мерекесін Жаңажолда еңбек адамдарының арасында қарсы алу туралы Кәсіподақтың ұсынысына қолдау көрсеткен Акционерлік Қоғам басшылығына үлкен рақмет айтамыз. Мерекелік шараларымызда бірге болған Ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі бас менеджер Сақтағанов Абай Дидарұлына рақмет айтамыз.

Наурыз мерекесін қаладағы бас ғимаратында және Жаңажол\Северная Трува кен орындарында жоғары деңгейде өткізілуінің ұйымдастырып, аса жауапкершілікпен, абыроймен өткізген Тұрғанбаева Күлянда Құттымұратқызының және оның қасындағы командасының, біздің үздік мобилографмыз Туребеков Нұршаттың орасан еңбектерін атап өтпеуге болмайды.

Барлық кәсіподақ ұйымдарының төрағалары мерекелік шаралардың басынан соңына дейін еңбек ұжымы мүшелеріне мерекелік көңіл-күй сыйлау үшін күштерін салды және нәтижесі өздеріңіз көргендей мақсатымыз орындалды.

Құрметті әріптестер, құрметті кәсіподақ мүшелері, Наурыз мерекесі құтты болсын! Ең бастысы сіздерге және сіздердің жақындарыңызға мықты денсаулық тілейміз. Еңбектеріңіз берекелі болсын, жаңа белестерді бағындыра беріңіздер. Ауызбіршілік болсын!

Шын көңілмен, сіздер үшін Жергілікті кәсіподақ ұйымы.



























Официальные (рыночные) курсы валют
Официальные (рыночные) курсы валют


Акимат города Актобе

Акимат Актюбинской области

«ПетроКазахстан Инк.»