«Мұнайшыдағы» таңғажайып әлем


13.06.2019

«Мұнайшыдағы» таңғажайып әлем

«СНПС-АҚТӨБЕМҰНАЙГАЗ» АҚ БАЛАЛАР ЖАЗҒЫ ЛАГЕРІНДЕ АЛҒАШҚЫ АУЫСЫМ САЛТАНАТТЫ ТҮРДЕ АШЫЛДЫ


Қала сыртындағы «Мұнайшы» балалар жазғы лагері отыз жылдан бері үзілмей келе жатқан дәстүрі бойынша кішкентай достарын тағы қарсы алды. Бақытты балалардың күлкісіне толатын таңғажайыптар әлемінде — «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ «Мұнайшы» лагерінде әдеттегідей бірінші маусымның ашылу салтанаты өтті.

Балалардың көздері бал-бұл жайнайды. Барлығы да алдағы он күннен қызыққа толы, таңғажайыпқа толы демалыс күтеді. Әлбетте, балалардың демалыстары солай өтуі тиіс. Себебі, мұндағы балалардың жазғы демалысы жақсы өтуі үшін аға-апалары барлығын жасайды. Лагерьдің алғашқы ауысымының салтанатты ашылуына келген акционерлік қоғамның, кәсіподақ комитеті мен лагерь басшылығы осылай уәде берді.

БАЛАЛАРҒА БАР ЖАҒДАЙ ЖАСАЛАДЫ

«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамының бас директоры Вэй Юйсан балапандарды құттықтау үшін өзі арнайы келді:

— Құрметті балалар, жасөспірімдер! Біздің «Мұнайшы» лагерінің бірінші кезеңінің ашылу салтанатына өзім келіп қатысқаныма қуаныштымын. Лагерьге қош келдіңіздер! Біздің балаларымыз жазғы демалыстарын ұмытылмастай көңілді өткізу үшін бар жағдайды жасауға тырысамыз. Біздің лагерь тек Ақтөбе облысы бойынша ғана емес, тұтас Қазақстан бойынша ең үздік лагерьлер қатарында деп сеніммен айта аламын. Лагерь аумағының ауасы таза, табиғаты өте керемет. Ең жақсы тәрбиешілер мен аспаздар да осында жұмыс істейді.

Біздің лагерьді балалар өте жақсы көреді. Көптеген балалар осы жерге келгісі келеді, алайда барлығының бірдей оған мүмкіндігі жоқ. Ал сіздер біздің компанияның жұмысшыларының балаларысыздар, сондықтан сіздерге осындай мүмкіндік беріп отырмыз. Лагерьге арналған жолдаманы ең алдымен сіздерге береміз. Таза ауада, табиғаты әдемі жерде балалық шақтың ең қызық сәттерін есте қаларлықтай өткізуге тілектеспін. Тәрбиешілер, лагерь жұмысшылары сіздерге өте жақсы қызмет көрсетеді. Барлық тәрбиешілерге, лагерь жұмысшыларына, қолдау көрсетіп отырған ата-аналарға алғыс білдіремін, — деді ол.


«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы кәсіподақ комитетінің төрағасы Жанжарқын Күзенбаев та құттықтады. Оның айтуынша, биыл лагерьде жеті кезеңде 2100 бала демалады.

— Біздің компания қызметкерлерінің 7-14 жас аралағында 3276 баласы бар. Соның ішінде 2100 балаға лагерьге жолдама берілді. Олар он күннен жеті кезең бойынша демалады. Жолдама құнының 70 пайызын — жұмыс беруші, 20 пайызын — кәсіподақ, қалған он пайызын ата-ана төлейді. Оған қоса жыл сайын 290 жолдама коммерциялық негізде акционерлік қоғамның қосалқы ұйымдары жұмысшыларының балаларына беріледі, — дейді ол.

Кәсіподақ комитеті төрағасының айтуынша, отыз жылдық тарихы бар лагерь осы уақыт аралығында ұдайы жаңартылып, дамып келеді. Алғашқы маусымның ашылу салтанаты барысында лагерь басшылығы компанияның бас директорына бассейн салып беру туралы өтінішін айтты.

— Жалпы басшылық алдына одан басқа да бірқатар жобаларды жүзеге асыруын сұрап отырмыз. Оның ішінде бассейн салумен қатар футбол алаңын, басқа да жерлерді жаңарту туралы ұсыныстар бар, — дейді Ж.Күзенбаев.

Лагерьде жазғы демалыс мезгілінде директор, тәрбиешілер мен тәрбиешілердің көмекшілері бар — 24 адам жұмыс істейді. Одан бөлек жұмысшылар мен аспаздар да балаларға сапалы қызмет етуге әзір.

Кәсіподақ комитеті төрағасы балаларды алғашқы ауысымның ашылуымен құттықтап, демалысты жақсы өткізуге тілегін білдірді:

— Осы жерде кейбір балалардың ата-аналары да демалған. Бұл — үзілмей келе жатқан әдемі дәстүр. Сондықтан сіздерге арналған түрлі бұқаралық, спорттық, мәдени шараларға белсене қатысып, бір-біріңмен танысып, жақсы дос табуларыңызға тілектеспін. Сіздерді кәсіподақ ұйымдары атынан құттықтап, сәтті демалыс тілеймін, — деді ол.

Лагерьді көп жылдан бері басқарып келе жатқан директоры Лариса Акажанова балаларға демалыстың ұмытылмастай қызықты өтетініне педагогикалық, медициналық қызметкерлердің, аспаздардың атынан уәде берді.

ҚАЛАМЫЗДАҒЫ ЕҢ ТАҢДАУЛЫ ЛАГЕРЬ

Салтанатты мерекеге балаларының қуанышын бөлісуге ата-аналары, ата-әжелері де келіпті. Олар үшін баланың көзінен шаттық пен қуаныш көру — үлкен бақыт. Басына ақ жаулықты орамал таққан әже мен дария кеуде ақсақал отыр екен. Жеті бала тәрбиелеп өсірген, бүгінде сол үрім-бұтағының арасында бәйтеректей болып отырған дана қарттар былай дейді:

— Осы лагерьде біздің немереміз Әлихан Ертай деген жігіт демалып жатыр. Жыл сайын жазғы демалыста үнемі осы лагерьге асығады. Биыл, міне, үшінші рет келіп отыр. Немереміздің соңынан біз де жыл сайын лагерьде өтетін ашылу салтанатына, басқа да шараларға арнайы келіп тұрамыз. Атасы екеумізді күтеді.

Міне, бүгін де осындамыз. Балалардың барлығы бізбен сәлемдесіп, үлкенге жол беріп, ілтипат көрсетіп жатыр. Балаларға жақсы тәрбие үйретеді, — дейді батыр ана Қалия Аманқұлова. Ертай Ноғаев пен Қалия Аманқұлова жеті бала тәрбиелеп өсірген, 35 немеренің, 8 шөберенің сүйікті ата-әжесі. Нартай — сол шүпірлеген кішкентайлардың бірі.

— Немерем биыл үшінші сыныпты бітірді. Өте жақсы оқиды, таэквондо спортымен айналысады. Байқаулардан жеңіспен келіп жатады, көрімдік береміз. Мына лагерьде де балалар өз араларынан әкім, заңгер секілді мамандарды сайлап алады екен. Менің балам да өте белсенді. Осы лагерьге өз таңдауымен келеді, басқа лагерьлерге де жіберуге болатын еді, бірақ өзі осы жерді тәуір көреді, — дейді атасы.

Ал көп балалы жас ата-ана Жәнібек Нұрымбетов пен Лаура Тасмағамбетова лагерьге үлкен қызы Асылымды алып келіпті. Асылым биыл бірінші сыныпты үздік аяқтап, мақтау қағазын алған соң ата-анасы оған лагерьге жолдама алып берген.

— Баланы ынталандыру үшін осылай жасаған дұрыс. Екінші қызымыз биыл бірінші сыныпқа барады. Оған да: «Егер сабағыңды жақсы оқысаң, лагерьге барасың», — деп айттық. Міне, лагерьдің алғашқы маусымының салтанатты ашылуына ұл-қызымызбен төрт көзіміз түгел келіп отырмыз, — дейді анасы Лаура Тасмағамбетова. Ал әкесі Жәнібек «Мұнайшы» лагерінің ішкі өмірін жақсы білетін болып шықты. Ол студент кезінде осы демалыс орнында тәлімгер, кейін тәрбиеші болып жұмыс істеген.

— 2004-2006 жылдары үш жыл қатарынан осы лагерьде жұмыс істедім. Ол кезде студент едік. Университеттен 4 студент келдік, солардың ішінде іріктеліп өзім қалдым. Кейін жақсы жұмыс істегенім үшін «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясы басшылығы атынан Алғыс хат та алдым. Бұл лагерьдің қаламыздағы ең таңдаулы лагерьлердің бірі екенін сеніммен айта аламын. Себебі оған өзім куә болдым: балаларды тамақтандыруы, бос уақытын тиімді әрі қызықты өткізуі — барлығы жақсы жолға қойылған. Тәрбиешілер өте жақсы қарайды. Лагерь ішінде түрлі шаралар өткізіледі, бағдарламалары өте қызықты. Ең бастысы, балалардың іші пысатын уақыты жоқ. Осының барлығын өз көзіммен көргендіктен, білгендіктен, балаларымыз үшін осы лагерьді таңдадық. Қызым алтыншы отрядқа қабылданды. Үш қыз, бір ұлым бар. Осы балалардың барлығы үлкен жігіт болғанша «Мұнайшы» лагерін жағалап жүретін шығармыз, — деп күледі Жәнібек.

МҰНДАҒЫ БАЛАЛАРДЫҢ БАРЛЫҒЫ МЕЙІРІМДІ

Лагерь маусымының салтанатты ашылуында нағыз таңғажайыптар болды. Балалар өздерінің демалыс орындарын «Арманшылдар» қаласы деп атаған. Рас, арманы мен қиялы шексіз нағыз мықтылар осында екен. «Арманшылдар» қаласында тұратын «Жаужүрек», «Бүркіт», «Қыран», «Арыстан», «Болашақ», «Балақай» топтарының балалары өздерін таныстырып, ұрандарын айтты.

Балалар ән айтып, би биледі. Тіпті лагерьге қонақ ретінде әлемге әйгілі әнші Димашты да «шақырыпты». Димаш болып киінген осы компанияның жастар кеңесінің төрағасы Ержан Ұзақбай кәнігі журналистерше әрекет еткен лагерь қызметкерлері Арман Кереев, Ұлықбек Төлепбергендерге сұхбат берді. Ол «Қазақстандағы ең қызықты демалыс орны — осы лагерь екенін, бала кездегі тәтті сәттерінің осы лагерьде өткенін, соның ішінде «Күлкі күні», «Бизнесмен күні» секілді түрлі топаралық шараларға қатысқанын» айтып, балаларға ән сыйлады.

Осындай таңғажайыптарға қызыға қарап тұрған кішкентай бүлдіршінмен сөйлескен едік:

— Маған лагерьде барлығы ұнайды: мұнда өте көңілді, көңілсіз бірде-бір сәт жоқ. Және бар ғой, мұндағы балалардың барлығы мейірімді. Барлық жақсы балалар осы жерге жиналған. Мен осында ініммен келдім. Оның аты Назар. Ол биыл сегізге толады. Ал менің жасым тоғызда. Інім екеуміз де «Болашақ» деген топтамыз. Болашақ деген елдің болашағы деген мағына береді, — дейді қаламыздағы №60 мектептің кішкентай оқушысы Айлин Ешимова деген балапан.

Айгүл, Ақалтын деген балалардың бірі лагерьге бірінші рет келсе, екіншісі 2014 жылдан бері тұрақты келіп тұратынын айтады. Оларға, әсіресе, лагерьдегі кешкі ойын-сауық бағдарламалары қатты ұнайды екен.

№17 мектептің 4-сынып оқушысы Богданның әкесі аталған акционерлік қоғамның инженері екен. «Лагерьге келіп тұрмын, келген сайын жаңа достар табамын. Бұл жерде маған барлығы да ұнайды», — дейді балапан.

Лагерь балаларға ғана емес, жастар үшін де сағынып келетін жерге айналған:

— Мен биыл екінші жыл қатарынан лагерьге жұмыс жасауға келдім. Оның бірінші себебі — балаларды өте жақсы көремін. Екінші себебі — жаз айларында уақытты текке өткізгенше, жұмыс істеп, ақша тапқым келеді. Биыл «Болашақ» тобында тәрбиешінің көмекшісі болып жұмыс істеймін. Топта 40 бала бар. Оларға төрт адам қараймыз, біреуі аға тәрбиеші болса, қалған үшеуі тәрбиешінің көмекшісіміз. Біз барлығымыз да студентпіз, түрлі оқу орындарынан келдік. Бұл жастарға берілген үлкен мүмкіндік, жұмыс істеу үшін құжаттарымызды тапсырып, арнайы әңгімелесуден өттік. Әзірге бір маусымға ғана қабылдандық, егер өзімізді жақсы көрсете білсек, келесі маусымға қалу мүмкіндігіміз бар, — дейді екінші курс студенті Аружан Тасмағамбетова.

Таңғажайыптар әлемінде бәрі бар — балалар мұнда түрлі шараларға қатысып қана қоймай, Ақтөбе қаласының әдемі жерлеріне экскурсияғы шығады. Одан басқа түрлі ойындар, спорттық шаралар, шығармашылық кештер, таланттар байқаулары өткізіледі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, балалардың барлығы да талантты, өте дарынды. Бұл шаралар осындай таланттарды анықтауға мүмкіндік береді.

«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ балалардың жазғы мезгілін осылай сапалы, қызықты әрі тиімді өткізуге мүмкіндік жасай отырып, өзінің әлеуметтік жауапкершілігін, әлеуметтік міндетін атқарып отыр.

Қазақстан-Қытай компаниясының басшылығы инженерлік-технологиялық басқару деңгейінің жоғарылығын ғана емес, сонымен бірге әлеуметтік қарым-қатынастар, қоғаммен жұмыс, атқарушы билікпен, мәдени-ағарту және ғылым мен білім һәм спорттық ұйымдармен арадағы диалогты қалыптастырудағы тұрақты даму деңгейін де көрсетіп отыр. «СПНС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ басшылығы мен ұжымының ашықтығы және қоғаммен тығыз байланыста болуы компанияның жұмыс сапасын көрсететіні айқын. Бұл шара осы жауапты жұмыстың бір парасы екені даусыз.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.








Официальные (рыночные) курсы валют
Официальные (рыночные) курсы валют


Акимат города Актобе

Акимат Актюбинской области

«ПетроКазахстан Инк.»