“ӘКІМ” БАСҚАРАТЫН ЛАГЕРЬ

“ӘКІМ” БАСҚАРАТЫН ЛАГЕРЬ

10.08.2017

Отыз жылдық тарихы бар жаздық лагерь “Мұнайшыға” бару үшін таң ата жолға шықтық. Бізге жол көрсетуге еріп шыққан Юрий лагерь жайлы біраз мағлұмат берді. Бірақ, діттеген жерімізге жетіп, жазғы лагерьді өз көзімізбен көргенде мүлдем басқа сезімге бөлендік. Сіз өзінің “әкімі” мен “министрлері” бар лагерьді білесіз бе? Ендеше, назарыңыз бізде болсын

Биыл жазда “СНПС-Ақтөбемұнайгаз” акционерлік қоғамы қызметкерлерінің балалары әдеттегідей “Мұнайшы” лагерінде демалды. Екі мың жарым баланың жазғы демалысын қызықты өткізу үшін барлық жағдай жасалған. Лагерь маусым айында салтанатты түрде ашылып, тынығушылардың алғашқы легін қабылдады. “Мұнайшы” лагерінің 1-ші кезеңіне келген балғындардың саны 300-ге жуық. Оның ішінде бұл лагерде қаланың балалары ғана демалып қоймай, Кеңқияқ, Темір, Шұбарқұдық, Қандыағаш, Шалқар аудандарындағы өнеркәсіптік компания қызметкерлерінің балалары да бар. “Жас мұнайшының” басқа лагерьлерден ерекшелігі - балалар алты мезгіл тамақтанады, бұл маңайда Қарғалы өзені бар. Лагерь табиғаты керемет сұлу жерде орын тепкен. Жатын орындары мен асхана санитарлық талаптарға сай жабдықталған. Дәрігерлер тазалықты күнделікті қадағалап отырады. Балаларға арналған спорт зал, асхана, шағын кинотеатр, жазғы сахна да салынған. Сонымен бірге футбол, волейбол, теннис ойнауға арналған алаңдар бар. Лагерь аумағы өте кең болғандықтан, балалардың еркін ойнап, жақсы демалуына барлық жағдай қарастырылған.Тәлімгерлер балалардың демалыстарын көңілді өткізуіне барын салуда. Лагерь аумағы абаттандырылып, шағын мүсіндермен безендірілген. “СНПС-Ақтөбемұнайгаз” компаниясы биыл да демеушілік жасады. Алға балалар үйінің 7 тәрбиеленушісі лагерьде тегін демалуға мүмкіндік алды. Мұнда ойын-сауық шараларынан тыс, сауықтыру бағдарламасы да бар. Оттегі коктейлі мен физио-терапия бөлмелері ашылды. “Жас мұнайшы” лагері осыдан 30 жыл бұрын мұнайшылардың балалары үшін салынған. Сол уақыттан бері 20 мыңға жуық бала демалған. Мұнда бір қызығы – әр демалыс маусымында өз “әкімі” сайланады. Сондай-ақ, “денсаулық министрі” секілді қосымша “қызметтерді” де балалардың өздері ұйымдастырады. Біз барғанда демалыс маусымының әкімі боп сайланған Рамиля Қуанышбаева қарсы алды. Оның айтуынша, “Мұнайшы” лагері өзінің екінші үйіндей болып кеткен екен.

- Мен биыл соңғы рет демалып жатырмын. Өйткені, жасым өсті. Ересек болып келемін. Биыл лагерьдегі балалар мені әкім етіп сайлады. Өте қуаныштымын. Өз жауапкершілігімді білемін. Үнемі барлық балаға көмектесіп жүремін. Ешбір бала көзімнен таса болмайды. Бәрін жіті қадағалаймын. Балалардың осындай лагерьде демалып жатқандары үшін қуанамын,- дейді ол. Лагерьде балалар алты мезгіл тамақтанады. Барлық тағамды аспаздар мемлекеттік стандарттарға сәйкес, нормаларды толығымен сақтап отырып дайындайды. “Мұнайшыдағы” бақытты балалық шақ туралы суреттер сөйлесін!

Индира Кереева




Официальные (рыночные) курсы валют
Официальные (рыночные) курсы валют


Акимат города Актобе

Акимат Актюбинской области

«ПетроКазахстан Инк.»