Мұнайшылар дәстүрлі спартакиадада бақ сынады

Мұнайшылар дәстүрлі спартакиадада бақ сынады

14.09.2017





"СНПС - Ақтөбемұнайгаз" акционерлік қоғамының қызметкерлері арасында дәстүрлі спартакиада өткізілді. Оған мұнай-газ саласында қызмет ететін 400-ге жуық адам қатысты.

Қыркүйектің алғашқы жексенбісінде мұнайшылар күні атап өтіледі. Оның үстіне осы жылы Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының мұнай-газ саласындағы әріптестік орнатқанына 20 жыл толу мерекесі тұспа-тұс келді. Осы аталған мерекелер қарсаңында алпауыт компанияның қызметкерлері спорттық мерекеге жиналды.

Деңгейі биік спартакиада
Дәстүрлі шараға «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ бас директорының бірінші орынбасары Тахталифум Есенғұлов, облыс әкімінің орынбасары Асқар Биахметов, Облыстық кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Виктор Пфаненштиль қатысты. Спартакиаданың ашылу салтанатында сөз алған Тахталифум Есенғұлов кәсіпорындағы мұнай-газ өндірісінің жыл сайын артып келе жатқандығын атап өтті. Оның айтуынша, биыл «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ 3 млн 900 мың тонна мұнай өндіруді жоспарлап отыр. Мұндай жақсы нәтиже - мұнайшылардың тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Облыс әкімінің орынбасары Асқар Биахметов жарысқа қатысушыларды құттықтап, оларға сәттілік тіледі.
-“СНПС-Ақтөбемұнайгаз” АҚ Ақтөбе облысының әлеуметтік –экономикалық дамуына қосқан үлесі зор. Өңірде өндірілетін мұнайдың 70 пайызы, газдың 87 пайызы сіздің компанияларыңыздың үлесінде. Алдағы уақытта да Ақтөбе облысының әкімдігі мен компания арасындағы екіжақты әріптестік одан әрі жалғасады деген сенімдемін. Ал жыл сайын өткізілетін спартакиада өзге компаниялар үшін үлгі етуге тұрарлық. Өйткені спорттық шара жұмысшылардың рухын көтеріп, бірлесе жұмыс істеуге көмектеседі. Спартакиаданы сәтті өткізіп, жеңіске жетіңіздер,-деді ол.
Облыстық кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Виктор Пфаненштиль жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі және ол өз сөзінде Акционерлік Қоғамның облыстағы маңызды орнын және жұмыс беруші мен кәсіподақ арасындағы әлеуметтік әріптестіктің жоғарғы деңгейде екенін атап өтті.
Дәстүрлі шара биыл жетінші рет өткізіліп отыр. "СНПС - Ақтөбемұнайгаз" акционерлік қоғамының кәсіподақ төрағасының орынбасары Самат Сәтов спартакиаданың деңгейі өте жоғары екендігін айтады.
- Қазақстан мен Қытай арасындағы мұнай өндіру саласындағы әріптестікке биыл 20 жыл толып отыр. Осыған орай түрлі шаралар өткізілуде, атап өтер болсақ осыдан екі күн бұрын біздің Кәсіподақтар ұйымының бастамасымен Жаңажол вахталық ауылында облыстық өнер ұжымдарының көмегімен мерекелік концерт ұйымдастырылды.
Ал, Спартакиадамыздың деңгейі жыл сайын артып келеді. Өйткені спартакиаданы асыға күтетін мұнайшылар жыл са-йын өздерінің спортта жеткен жетістіктерін арттыруға тырысады. Әдетте, кәсіпорын жанындағы спорт алаңында жүруге тек жұмысшыларға ғана рұқсат беріледі. Ал бұл күні спорттық шараны олардың отбасылары, жақындары мен достары да тамашалауға мүмкіндік алады. Мерекелік көңіл-күйге бөленеді,-дейді ол.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл спартакиадаға 12 команда қатысуда. Бұл- "СНПС - Ақтөбемұнайгаз" акционерлік қоғамына қарасты филиалдардың қызметкерлері. Үздік нәтиже көрсеткендері жекелей және командалық есепте ақшалай сыйақымен марапатталады. Сәйкесінше жеңімпаздар қазан айында Еңбек күні қарсаңында облыстық кәсіподақ ұйымдарының спартакиадасына қатысады. Спортта шыңдалған мұнайшылар бұл жарыс-та да жақсы жетістікпен қуантуда. Волейболдан үздік үштіктің сапынан көрініп, үстел теннисінен жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді. Алайда қиындықтан қорықпайтын мұнайшылар әлі бағындырар асуларының алда екендіктеріне сенімді.

Спартакиада – мұнайшылар үшін отбасылық мереке
Биылғы спартакиада әдеттегідей, волейбол, футбол, үстел теннисі, арқан тарту, жеңіл атлетика( әр түрлі қашықтыққа жүгіру, эстафета), отбасылық сайыс секілді спорт түрлерінен өткізілді. Жыл сайын өткізілетін спорттық шараға қатысу мұнай саласының қызметкерлері үшін дәстүрге айналған. Спортқа әуес жұмысшылар компания ішілік шараға жанұяларын да ерте келіпті. Олардың бірі спартакиадаға белсене ат салысса, енді бірі сайысқа қатысушыларға жанкүйер болды.
- Жаңажол кен орнында 2012 жылдан бері Құрылыс Басқармасында газэлектрдәнекерлеуші болып жұмыс істеймін. Отбасылық жарыста бақ сынағалы отырмыз. Яғни, қашықтыққа жүгіріп, түрлі тапсырмаларды орындауға тура келеді. Сайысқа қатысу туралы ұсынысқа келіншегім Сағыныш пен ұлым Нұрдәулет қуана келісті. Спартакиада-біз үшін отбасылық мереке. Жақсы нәтиже көрсетуге тырысамыз,-дейді Нұрхат Сексенбаев.

Мұнайшылардың арасында кәсіби спортпен айналысқандар да бар
Мұнайшылардың басым бөлігінің спортқа жаны құмар. Салауатты өмір салтын ұстанған қызметкерлердің арасында республикалық деңгейде жетістікке жеткен бұрынғы кәсіби спортшылар да бар. Олар жұмыс істеуге де, спортпен шұғылдануға да уақыт табады. Солардың бірі –волейболшы Ұлмекен Мэлсова. 21 жастағы бойжеткен оралдық “Грация КЗ” волейбол клубында жоғары лигада ойнаған. Соңыра ұлттық лигада “Астана” командасының құрамында өнер көрсеткен. Дегенмен биыл спорттық мансабын аяқтап, "СНПС - Ақтөбемұнайгаз" акционерлік қоғамына жұмысқа орналасыпты.
- Өндірістік техникалық қамту және жабдықтарды жинақтау басқармасына жаз айында қоймашы болып қызметке орналастым. 7 жыл волейболмен кәсіби түрде айналыстым. Қазақстан ұлттық құрамасының сапында өнер көрсеттім. Биыл да келісімшартқа қол қойған болатынмын. Түрлі клубтардан шақырту алған едім. Алайда спорттық мансабымды аяқтап, туған жерім –Ақтөбеге қайтып оралуға шешім қабылдадым,-дейді ол.
Ұлмекен спартакиада кезінде 500 метрлік қашықтыққа жүгірген еді. Бірақ, орта жолда омақаса құлап, аяқтарын жарақаттап алды. Әйткенмен, намысқа тырысқан спортшы қыз орнынан қайта тұрып, мәре сызығын бірінші болып кесті.
-Бір күн бұрын командалық жарысқа шығып, волейбол ойнаған едік. Сол кезде аяғымның буындары шаршаған болса керек. Өйткені спорттағы ереже бойынша мұндай жүктемеден соң аяқты бір тәулік демалтады. Әрі денем де қызбаған еді. Содан болар,орта жолда құлап қалдым. Әу бастан бірінші келетінімді білген едім. Үздік нәтиже көрсеткім келген. Бірақ жүзеге аспады,-дейді ол.
Бала кезінен спортқа әуес бойжеткен қазір де жұмыстан тыс уақытында спортпен айналысып, жаттығу залында дайындалады. Бұл үшін басшылық тарапынан барлық жағдай жасалған,- дейді ол.
Ал Жаңажол кен орнында жұмыс істейтін Аңсар Дүржанов футболмен кәсіби түрде айналысқан. 100 метрге жүгіруде алдына жан салмаған ол күн сайын спортпен айналысуға арнайы уақыт бөлетін көрінеді.
- Жаңажолда 2008 жылдан бері оператор болып жұмыс істеймін. Спортпен бала кезімнен айналысамын. Футболмен кәсіби түрде шұғылданғанмын. Жаңаөзендегі футбол клубында ойнадым. “Інжу” футбол командасының құрамында Қазақстан чемпионаттарына қатыстым. Өткен жылғы спартакиадада тек футболға қатысқан едім. Биыл қашықтыққа жүгіруде бағымды сынадым. Жаман нәтиже көрсетпеген секілдімін, былтырғы чемпионды басып оздым,-дейді Мұнай және мұнай өнімдерін сату басқармасының қызметкері Аңсар.
30 жастағы Аңсар кәсіби тұрғыда футбол ойнамаса да, спорттан алыс-тап кетпегендігін айтады. Әуесқой футболшы қала чемпионаттарына қатысып, дене пішінін бір қалыпта ұстап тұруға тырысатындығын айтады.
- Жаңажол кен орнында футбол ойнауға лайықталған спорт алаңы мен спорт зал бар. Жұмысшылармен бірге жұмыстан соң футбол ойнаймын. Күн сайын 30 минут уақытымды спортқа бөлуге тырысамын. Отбасымда ешкім спортпен айналыспайды. Тек 5 жастағы кішкентай ұлым "Football kids"футбол мектебінде тәрбиеленіп жүр,-дейді бұрынғы спортшы.
Қызметкерлер тек спорттың жеңіл түрімен ғана емес, ауыр түрімен де айналысады. Бұған пауэрлифтинг пен штанганы жатып сығымдап көтеру спортынан кәсіби спортшы Бақыт Қауқақовтың жеткен жетістіктері дәлел. Бұл кәсіпорында ол 1995 жылдан бері жұмыс істейді. Бүгінде ол - “Октябрь мұнай-газ өндіру” басқармасы кәсіподақ комитетінің төрағасы. Осындай жауапты қызметіне қарамастан, спортқа да уақыт табатын көрінеді. Күні бүгінге дейін спорттың ауыр түрінен ҚР спорт шебері,бірнеше дүркін чемпионы мен жеңімпазы атанған.
-Осы уақытқа дейін әлемдік деңгейдегі жарыстарда бақ сынап, жүлделі орындарға ие болдым. Соңғы жеткен жетістігім-өткен жылы Ташкентте өткен пауэрлифтингтен Азия ашық чемпионатында бірінші орынды иеленіп, чемпион атануым. Спорт адамнан уақыт пен төзімділікті қажет етеді. Жауапты жұмыста жүргеніме қарамастан, әріптестерім әркез жарысқа қатысуыма қолдау білдіріп, түсіністік танытады,-дейді ол.

Үздіктер сараланған күн
Спартакиаданың ұйымдастырылуына биыл 3 млн теңгеге жуық қаражат бөлінген. Екі күнге созылған жарыс нәтижесінде кәсіпорынның өндірістік-техникалық қамту және жабдықтарды жинақтау басқармасы бірінші орынды жеңіп алды. Екінші жүлде “Октябрь мұнай-газ өндіру” басқармасына, үшінші орын Ақтөбеэнергомұнай басқармасы командасына бұйырды. Бір айта кетерлігі, дәстүрлі спартакиадада кәсіпорынның өндірістік-техникалық қамту және жабдықтарды жинақтау басқармасы жүлделі бірінші орынды екінші жыл қатарынан иеленіп келеді. Өткен жылы үздіктер қатарынан көрінген команда биыл да өз шеберліктерін байқатты. Жүзден жүйрік шыққандардың арасында басқарма қызметкері Светлана Қазбекова да бар. Былтыр да мәре сызығын бірінші болып кескен ол биыл да чемпиондықты ешкімге бермеді.
-Спартакиадада 100 метрге қашықтыққа жүгіруден өз бағымды сынап, бірінші болып келдім. Бала кезімнен спортқа жақынмын. Қазір де аптасына 2-3 рет таңертеңгісін жүгіріп, волейбол ойнаймын. Соның нәтижесі болар, жылдан-жылға уақыт көрсеткішім де жақсарып келеді. Бұған дейінгі спартакиадада да бірінші орын алған едім. Бүгін де сол нәтижені көрсеткеніме қуаныштымын,-дейді ол.
27 жастағы экономист компания қызметкерлерінің арасында жекелей есепте үздік нәтиже көрсетіп, ерекше көзге түсті. Одан бөлек жарыста белсенділік көрсеткен мұнай және мұнай өнімдерін өндіру басқармасының қызметкері Аңсар Дүржановтың есімі де ерекше аталды. Ал “Октябрь мұнай-газ өндіру” басқармасының қызметкері Жандос Дәулеткереев отбасылық сайыста жақсы көрсеткішке қол жеткізді.
Айта кетелік, бүгінде "СНПС - Ақтөбемұнайгаз" акционерлік қоғамында 6500-ден астам қызметкер жұмыс істейді. Кәсіпорында мұнайшылардың спортпен шұғылдануына барлық жағдай жасалған. Бұл үшін Темір ауданындағы Жаңажол және Байғанин ауданындағы Ащысай вахталық елдімекендерінде волейбол мен футболға арналған алаңдар жасақталған. Қажетті құрал-жабдық пен арнаулы киім үлгісі де қамтылған. "СНПС - Ақтөбемұнайгаз" акционерлік қоғамының бас директоры әкімшілігі басшысының орынбасары Юрий Шикаревтің сөзінше, вахталық әдіспен жұмыс істейтін мұнайшылар арасында жарыстар жиі ұйымдастырылып тұрады.




Официальные (рыночные) курсы валют
Официальные (рыночные) курсы валют


Акимат города Актобе

Акимат Актюбинской области

«ПетроКазахстан Инк.»