20 ЖЫЛДЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ

20 ЖЫЛДЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ

07.09.2017



1997 жылы 26 қыркүйекте СНПС және Қазақстан үкіметі №76 мұнай келісімшартына қол қойды. Жиырма жылдық даму жолын жүріп өткен “СНПС – Ақтөбемұнайгаз” Акционерлік қоғамы қарамағында 6 мыңнан астам жұмысшысы бар халықаралық белсенді компанияға айналды. Қазақстан мен Қытай арасындағы мұнай-газ ынтымақтастығы 20 жыл бойы үздіксіз іске асып келеді. Апта басында "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" АҚ ғимаратында Қазақстан мен Қытай Халық Республикасының мұнай-газ саласындағы серіктестігінің 20 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті. Шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, (CNPC) Қытай Ұлттық Мұнайгаз Корпорациясы бас директорының орынбасары және Petrochina компаниясының президенті Ван Дунцзинь, ҚР энергетика вице-министрі Әсет Мағауов, KAZENERGY төрағасының орынбасары Ұзақбай Қарабалин қатысты.

Жиын барысында серіктестікті кеңейту және мұнай-газ бен өңдеуші салалардағы бірлескен жобаларды жүзеге асырудың келешегі талқыланды.

Өңір басшысы Қазақстан мен Қытай арасында өзара тиімді серіктестік қағидасына құрылған тығыз әріптестік қарым-қатынас орнағанын атап өтті. Бұған еліміздің көшбасшылары Нұрсұлтан Назарбаев пен Си Цзиньпиннің жиі кездесулері дәлел.

«Ақтөбе облысы шетелдік әріптестермен серіктес болу үшін ашық. Қазіргі таңда мұнда шетелдік капиталдың қатысуымен 700-ден аса компания жұмыс жасайды. Олардың арасында сіздердің компанияларыңыздың орны ерекше. Өңірдегі 20 жыл жұмыстың ішінде 100 миллион тонна мұнай өндірілді, ал инвестиция көлемі 13 млрд. долларға өсті»,-деп атап өтті облыс әкімі.

Өз кезегінде Ван Дунцзинь облыс басшысына жемісті бірлескен жұмыс үшін алғысын білдіріп, барлық көтерілген сұрақтардың шешілетініне сендірді. Атап айтқанда, жыл соңына дейін еңбекақыны көтеру және жергілікті кадрларды оқыту шараларының жоспары жасалмақ.

- Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары Қазақстан үшін негізгі міндеттердің бірі - халықтың әл-ауқатын қамтамасыз ету болды, бұл үшін жер қойнауының байлығын игеру талап етілді. Президентіміз жүргізіп отырған дана саясаттың арқасында сол бір қиын жылдары біз Chevron, Agip, British Petroleum және тағы басқа ірі әлемдік компанияларды тарта алдық. Олар экономикаға, халыққа көмектесті. Ақтөбе жеріне алғаш болып келген инвестор компаниялардың қатарында CNPC корпорациясы болды. Тәуелсіздік алған сәттен бастап Қытай Қазақстанның негізгі серіктестерінің бірі болды және содан бері біздің елдердің саяси, экономикалық байланысы нығая түсуде,-деді Бердібек Сапарбаев. Бір бағытта, жұмылған жұдырықтай тату күйде, өздерінің күші мен жігерін біріктіре отырып “СНПС- Ақтөбемұнайгаз” Акционерлік қоғамында ондаған мамандықтың өкілдері қызмет етіп жатыр. Ақтөбе облысындағы басты өндірістік компания жаңалық пен жаңарудың жақсы үлгісін көрсетіп келеді. Өзінің өндірістік-шаруашылық қызметін компания Ақтөбе облысының төрт мұнай –кен өндіру жерінде жүзеге асырады. Олар – Жаңажол, Кеңкияқ –тұзүсті, тұзасты, Солтүстік Трува және Жаңажол Аюг кен өндіру жеріндегі газдық мекен. Сонымен бірге компания Каспий маңының орталық территориясының шығыс жағында геологиялық барлау жұмыстарын да жүргізеді. Өндіріске ғылыми және технологиялық инновацияларды енгізудің арқасында “СНПС-Ақтөбемұнайгаз” компаниясы қазір табиғи газ өндіру көлемі бойынша Қазақстандағы ірі мұнай операторларының қатарында бесінші орында тұр. «СНПС-Актобемұнайгаз» АҚ жиырма жылдық жұмыс ішінде ондаған жаңа нысандар салды. Олардың ішінде ең ірісі екі мұнай өңдейтін зауыт, ПТЭС-160, өндірістік- техникалық қамтамасыз етудің жаңа базасы және басқа да нысандар бой көтерді. 2008 жылғы дағдарыс кезінде мұнай бағасы айтарлықтай арзандады. Бұл акционерлік қоғамның дамуындағы жаңа сатыға көтерілуіне түрткі болды. Ұзақ жылдар бойы жоспарланған Жаңажолдағы жаңа кен өндіру нүктесі дәл осы қиын кезеңдерде бастау алды. Осы кезеңде табиғи газ өндіру көлемі 2,2 млрд. текше метрді құрады. Жиырма жылдан астам инвестициялық қызмет кезеңінде компания қуатты өндіріс қалыптастырып қана қойған жоқ, сонымен қатар керемет адам ресурстары қалыптасты.

Жыл сайын, жұмысшылар мен мамандар еліміздің жетекші оқу орталықтарында және шетелде даярлау және қайта даярлау курстарын оқиды. Жыл сайын компания есебінен Қытай мұнай университетінде білім алған жұмысшылардың балалары жұмысқа орналасады, Қазақстанның ірі оқу орындарынан білім алған түлектер қызметке келеді. Алты мыңнан астам жұмысшылардың ішінде 664 жергілікті қызметкер жоғары лауазымда болса, 1036 қазақстандық жұмысшы инженер-техникалық қызметтерді атқарып жүр. Ұжымның жартысынан астам бөлігі өте жақсы жалақы алады.

Компания жоғары әлеуметтік жауапкершілікпен сипатталады. Ол Ақтөбе облысының ірі салық төлеушісі болып табылады. Жиырма жыл ішінде Қазақстан Республикасының бюджетіне салық және басқа да міндетті төлемдер ретінде 2,5 трлн. теңге түскен. Қайырымдылық мақсатқа 22 млрд. 123 млн. теңге аударылды. Соның ішінде жыл сайынғы «өңір әкімдігі мен «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ арасындағы меморандум» аясында 8 млрд. 213 млн. теңге бөлінді. «СНПС-Ақтөбе» қаржылық қолдауымен облыстың 222 мектеп түлегі ең үздік отандық және шетелдік жоғары оқу орындарында білім алды. Астанада Қазақ ұлттық хореография академиясы тұрғызылды. Ақтөбеде жасөспірімдер сарайы салынды. «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ әлеуметтік жауапкершілікті насихаттайтын «Парыз» ұлттық байқауының Гран При жүлдегері. Компанияның ұжымы осы жеткен жетістіктерінде тоқтап қалмай, мақсатты түрде өзара даму мен келісімге қарай қадам басуда.

Жиынның қорытындысы бойынша Қазақстан мен ҚХР-ның мұнай-газ саласындағы 20 жылдық ынтымақтастығына арналған символикалық ескерткіштің ашылуы болды. Салтанатты жиында ерен еңбегі мен компанияға қосқан үлесі үшін мекеме қызметкерлері марапатталды. Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігінің құрметті грамотасымен 6 разрядты оператор Арал Өтебаев, Баймен Жауымбаев, Сағындық Бекешов марапатталды. “Қазақстан мен Қытай арасындағы мұнай байланысына 20 жыл” естелік белгісімен Цзинь Шутан, Өнер саламатов, Нұрлан Қадырбаев, Қанат Смағұлов, Абыл Исмағұлов марапатталды.




Официальные (рыночные) курсы валют
Официальные (рыночные) курсы валют


Акимат города Актобе

Акимат Актюбинской области

«ПетроКазахстан Инк.»