Еңбек түбі зейнет

Еңбек түбі зейнет


01.02.2023

Ықылым заманнан еңбек еткен адам әрқашанда зейнетін көретіні белгілі қағида. Ал бір мекемеде ұзақ жыл еңбек етіп, абыроймен зейнетке шығу кез келгеннің пешенесіне жазыла бермейді. Оның өзін де бір бақытқа теңер едім. Сондай бақытты жандармен бірге әріптес болып, әрқайсысынан белгілі бір дәрежеде өз өміріме керек жақсы қасиеттерінен бойыма сіңіруге тырыстым. 2023 жылы біздің басқармадан Искарин Селхан Жұмалыұлы, Антохин Владимир Иванович, Бабаева Нағима Жүзжасарқызы, Иманов Руслан Нажмадинұлы зейнетке шықты. Бұл азаматтарға құрмет ретінде мұнай саласындағы еңбек жолына кішігірім тоқталып өткім келеді.

Искарин Селхан Жұмалыұлы – Бестамақ елді мекенінің қасында орналасқан «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның Мұнай және мұнай өнімдерін сату басқармасына қарасты Мұнай құю эстакадасында 27 жыл еңбек етіп, механикалық жөндеу қызметінің шебері деңгейіне дейін көтерілді. «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның 25 жылдығы» күміс мерейтойлық медалі, 2009,2012 жылдары- Өндіріс озаты, 2007, 2017, 2020 жылдарының қорытындысы бойынша еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы өндірісте озат болып Құрмет грамоталарымен марапаталды. Мұнай құю эстакадасы ашылғаннан бастап 1996-2011 жылдар аралығында жоба бойынша маңызды нысандардың құрылысы жүріп өндіріске қосылды. Негізгі мамандығы өндірістік және азаматтық құрылыс саласы болғандықтан осы жұмыстарды қадағалап іске қосуда Селхан мырзаның еңбегі орасан. Әсіресе жер асты құбырларының, оның ішінді мұнай, су, кәріз жүйелерін жөндеу кезінде әрқашанда ақылдасатынбыз. Өзіне тапсырылған жұмысты өте үлкен жауапкершілікпен атқарып келді. Қорыта айтқанда, суымен кіріп отымен шығатын. Осындай азаматтардың арқасында мұнай құю эстакадасы бірқалыпты жұмыс істеді.

Антохин Владимир Иванович - «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның 25 жылдығы» алтын мерейтойлық медалі, 2001, 2003, 2004, 2005, 2006, 2010, 2018 жылдары - Өндіріс озаты, 2007, 2010, 2017 жылдардың қорытындысы бойынша «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, қоршаған ортаны қорғау, азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар саласындағы белсенді қызметі үшін» Құрмет грамотасы, 2021жылы - Өндіріс үздігі, Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің Құрмет грамотасы, Ақтөбе облыстық мәслихатының Құрмет грамотасымен марапатталды. Владимир мырзаның мұнай саласындағы еңбек жолы сонау 1986 жылы құрылыс монтаждау басқармасындағы шебер лауазымынан басталып, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның Мұнай және мұнай өнімдерін сату басқармасының бастығының орынбасары қызметіне дейін көтеріліп, зейнет демалысына шықты. Біздің басқармадағы негізгі басшылық еткен бағыттары өндіріс, құрылыс, техника қауіпсіздігі, азамат қорғанысы, қоршаған ортаны қорғау, экология болды. Жаңажол-КС-13 магистралдық газ құбырын іске қосу барысында жұмысты ұйымдастыра білу қабілетімен ерекшеленді. Ал мұнай құю эстакадасын экологиялық және заманауи технологияларға сай қайта жабдықтап жаңғырту жұмысын жобалаудан бастап, өндіріске қосқанға дейін басы қасында жүргенінің куәгерімін. Бұл құрылыстың барлығы Владимир мырзаның басшылығымен жүрді. Бастаған жұмысын соңына дейін жеткізу бұл сауаттылық пен табандылықтың белгісі. Маған бұл кісінің алдында шешілмейтін түйін жоқ сияқты көрінетін.

Бабаева Нағима Жүзжасарқызы - «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның 25 жылдығы» күміс мерейтойлық медалі, 2001, 2008, 2013, 2016 жылдары- Өндіріс озаты , 2021 жылы- Өндіріс үздігі атанды. 1987 жылы Мәскеудің гидромелиоративтік институтының экономика және ұйымдастыру мамандығын алып шығып, инженер-экономист қызметінде еңбек жолын бастайды. 1994-1997 жылдары «Үстіртгаз» газ өндіру басқармасында еңбек инженерінің қызметін атқарады. 1998 жылы «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның Мұнай және мұнай өнімдерін сату басқармасындағы кадрлар бөліміне жетекші экономист болып орналасып, бөлім бастығы лауазымымен зейнет демалысына шықты. Нағима ханым ақылды, тік мінезді, ойын бүкпей бетіңе айтатынымен көпке белгілі. Адамды алаламайды. Әріптестеріне қамқоршы, әсіресе, жұмысшы балалардың сойылын соғып ең жоғарғы тарифпен, дәлелдеп, жалақысын көтеріп беріп отырды. Өз жұмысын жетік меңгергені сонша жұмысқа орналасу үшін келген үміткерлердің бет жүзімен, жүріс-тұрысына қарап- ақ адамды тани білетіндігінде еді. Алған бетінен қайтпайтын, өз дегенін істетпей қоймайтын жан.

Иманов Руслан Нажмадинұлы – «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның 25 жылдығы» алтын мерейтойлық медалі, 2002, 2004, 2005, 2006, 2013, 2017 жылдары -Өндірістің озық шебері, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай Құрмет грамотасы, 2021 жылы- Өндіріс үздігі, ҚР Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Руслан мырза мұнай саласындағы еңбек жолын 1990 жылы «Ақтөбемұнай» Октябрь технологиялық көлік басқармасында бас инженер қызметінен бастады. Осы басқармада 1995-1998 жылдары аралығында басқарма бастығының міндетін атқарды. 1998 -2002 жылдары – «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның көлік бөлімі бастығының орынбасары, 2002-2004 жылдары өндірістік-шаруашылық жұмыстарды үйлестіру департаменті көлік бөлімінің бастығы қызметін атқарды. 2004 жылдан бастап «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның Мұнай және мұнай өнімдерін сату басқармасының бастығының орынбасары қызметінен зейнет демалысына шықты. Руслан мырзаның бойындағы ұстамдылық қасиеті көпке үлгі. Сөз қадірін білетін, өз сөзіне адамды үйіріп әкететенін жандардың бірі де бірегейі. Оған әдемі сөз саптауымен кез-келген әңгімеге жан бітіре алатыны дәлел. Жұмыс барысындағы жиналыстарда әртүрлі пікірлер айтылып ортақ шешімге келе алмаған кезерде бейтараптық танытып, барлығын сабырмен түсіндіретін. Осындайда көпшілікпен қалай сөйлесуді Руслан мырзадан үйрену қажеттігін мойындайсың.

МжМӨӨБ-ның Қ ж ЕҚ жөніндегі
бас техникалық жетекшісі
Нұрлан Нұртазин












Официальные (рыночные) курсы валют
Официальные (рыночные) курсы валют


Акимат города Актобе

Акимат Актюбинской области

«ПетроКазахстан Инк.»