Новости


СПОРТ – ҰРПАҚТАРДЫ БІРІКТІРІП, ЕҢБЕК ҰЖЫМЫНЫҢ БІРЛІГІН НЫҒАЙТАДЫ!



15.10.2026

«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-да Мұнай-газ кешені қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне және Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар күніне арналған ауқымды спорттық мереке өтті.

«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ Әкімшілік департаменті мен қызметкерлерінің Жергілікті кәсіподақ ұйымының бірлесіп ұйымдастыруымен өткен мерекелік спорттық сайыстарға Қоғамның түрлі өндірістік және құрылымдық бөлімшелерінен 300-ге жуық қызметкер қатысты.

Спорттық додада бес команда бақ сынасты. Атап айтқанда, Өндіріс құрама командасы, «Кенқияқ» және «Октябрь» мұнай-газ өндіру басқармаларының командалары, Жаңажол мұнай-газ өңдеу кешенінің командасы және Ақтөбе құрама командасы өзара сайысқа түсті.

Бұл спорттық мереке – кәсіпорын қызметкерлері арасында бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау және бос уақытты тиімді әрі мазмұнды ұйымдастыру бағытында жүйелі түрде жүргізіліп келе жатқан жұмыстың жалғасы.





Ағымдағы жылдың көктемінен бастап Қоғамда спорттың түрлі бағыттары бойынша жарыстар кезең-кезеңімен ұйымдастырылып келеді. Көктемде футбол және волейбол, жаз мезгілінде үстел теннисі бойынша жарыстар өтті. Сонымен қатар зияткерлік ойындар мен ұлттық спорт түрлерінен де сайыстар ұйымдастырылды.

Бұл жолғы спорттық мерекенің бағдарламасына гір көтеру, қол күресі және жеңіл атлетиканың бірнеше түрі енгізілді. Сонымен бірге еңбек ұжымының ұсыныс-тілектері ескеріліп, футбол мен волейбол жарыстары қайта ұйымдастырылды.

Биылғы жарыстардың басты ерекшелігі – қатысушылардың екі жас санатына бөлінуі: жастар және 40 жастан асқан қызметкерлер. Мұндай бастама әртүрлі буын өкілдерінің спорттық өмірге белсенді араласуына, аға буын қызметкерлерінің дене белсенділігін арттыруына және өзара тең әрі тартысты бәсекеге түсуіне мүмкіндік берді.

Мерекелік іс-шараның салтанатты ашылуы оркестрдің өнер көрсетуімен және командалардың сап түзеп шығуымен басталды.

Қатысушыларға «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ Бас директорының бірінші орынбасары Есенгулов Такталифум Садуович және Жергілікті кәсіподақ ұйымының төрағасы Сатов Самат Сәтұлы құттықтау сөз сөйледі. Олар еңбек ұжымын кәсіби мерекелерімен құттықтап, корпоративтік спортты дамытудың, әлеуметтік әріптестікті нығайтудың және ұжым бірлігін арттырудың маңыздылығын атап өтті.





КӘСІПОДАҚ БЕЛСЕНДІЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Мерекелік бағдарламаның маңызды бөлігінің бірі – Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар күніне орай кәсіподақ белсенділерін салтанатты түрде марапаттау рәсімі болды.

Адал еңбегі, белсенді қоғамдық қызметі, кәсіподақ қозғалысының дамуына және қызметкерлердің әлеуметтік-еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғауға қосқан үлесі үшін бірқатар қызметкерлер мемлекеттік, салалық және кәсіподақ наградаларымен марапатталды.

1. Тұрғанбаева Күлянда Құттымұратқызы – «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ Басқару аппараты бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің «Мұнай-газ саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды.

2. Ғабдрахманов Қазбек Ғарипжанұлы – Құрылыс басқармасының бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы. Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының «Қазақстан кәсіподақтар қозғалысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.

3. Жармағамбетов Жәнібек Мәдиұлы – «Ақтөбеэнергонефть» басқармасының бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы. «Кәсіподақтар қозғалысына – 120 жыл» төсбелгісімен марапатталды.

4. Жұбаниязов Сәбит Тапанович – «Октябрьмұнай» мұнай-газ өндіру басқармасы басшысының көмекшісі. «Қазақстан мұнай-газ салалық кәсіподағына – 20 жыл» мерекелік төсбелгісімен марапатталды.

5. Абилкалиев Адильжан Нурлиевич – Жаңажол мұнай-газ өңдеу кешенінің жетекші инженер-механигі. «Қазақстан мұнай-газ салалық кәсіподағына – 20 жыл» мерекелік төсбелгісімен марапатталды.

6. Тажикенов Жумабек Калабаевич – Құрылыс басқармасының технологиялық құбырлар монтаждаушысы. «Қазақстан мұнай-газ салалық кәсіподағына – 20 жыл» мерекелік төсбелгісімен марапатталды.

7. Нурбаев Довлетгалы Мендигулович – «Кенқияқмұнай» мұнай-газ өндіру басқармасы мұнай-газ өндіру цехының шебері. «Қазақстан мұнай-газ салалық кәсіподағына – 20 жыл» мерекелік төсбелгісімен марапатталды.

8. Конарбаев Қайырбек Қадырханович – «Ақтөбемұнайсервис» басқармасының бұрғылаушының көмекшісі. Қазақстандық мұнай-газ салалық кәсіптік одағының Құрмет белгісімен марапатталды.

9. Дильманов Қанат Жалмұханович – Өндірістік-техникалық жабдықтар және жабдықтармен қамту басқармасының (УПТОиКО) 2-санатты инженері. Қазақстандық мұнай-газ салалық кәсіптік одағының Құрмет белгісімен марапатталды.

10. Сақтағанов Лариса Упаевна – Әкімшілік департаменті Орталық мұрағатының басшысы. Ақтөбе облысы Кәсіподақтар орталығының «Еңбек адамының мүддесін қорғау және кәсіподақ қозғалысын дамытудағы сіңірген еңбегі үшін» Алғыс хатымен марапатталды.

11. Молдабаев Нұрбол Құттымұратұлы – Мұнай-газ өндіру департаменті бөлім бастығының орынбасары. Ақтөбе облысы Кәсіподақтар орталығының «Еңбек адамының мүддесін қорғау және кәсіподақ қозғалысын дамытудағы сіңірген еңбегі үшін» Алғыс хатымен марапатталды.

Марапаттарды салтанатты жағдайда Қоғам Бас директорының бірінші орынбасары Есенгулов Т.С. және Жергілікті кәсіподақ ұйымының төрағасы Сатов С.С. табыстады.





АДАЛ БӘСЕКЕ, СПОРТТЫҚ РУХ ЖӘНЕ ЛАЙЫҚТЫ МАРАПАТ

Спорттық жарыстар салауатты бәсекелестік, тартысты да әділ күрес және өзара сыйластық жағдайында өтті. Қатысушылар жоғары спорттық шеберлік, жеңіске деген жігер, командалық рух пен бір-біріне деген қолдау көрсетті.

Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер Құрмет грамоталарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Спорттық мереке барысында барлық қатысушылар тамақпен қамтамасыз етілді. Ал іс-шараның екінші күні мерекелік дастархан жайылып, әріптестердің еркін пікір алмасуына, достық қарым-қатынастарын нығайтуына және спорттық мерекені көтеріңкі көңіл күймен қорытындылауына мүмкіндік жасалды.

БІРЛІКТІ ІСТІҢ АРҚАСЫНДА – БЕРЕКЕЛІ НӘТИЖЕ!

Ең алдымен, Қоғам басшылығына, Еңбек ресурстары департаментіне және барлық құрылымдық бөлімшелердің басшыларына ерекше алғысымызды білдіреміз. Өндірістік қажеттілік пен жұмыс кестесінің тығыздығына қарамастан, қызметкерлердің спорттық іс-шараларға қатысуына қолдау көрсетіп, тиісті жағдай жасағандары үшін шынайы ризашылығымызды жеткіземіз.

Еңбекті қорғау, қоршаған ортаны қорғау, төтенше жағдайлар және сапа департаментіне (ДОТ, ООС, ЧСиК) – медициналық қызметкерлердің қатысуын ұйымдастырып, алғашқы медициналық көмек көрсетуге дайындықты қамтамасыз еткені үшін, Қауіпсіздік департаментіне – жарыстардың қауіпсіз жағдайда өтуіне жағдай жасағаны үшін алғыс білдіреміз.

Сондай-ақ барлық бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағаларына қызметкерлерді спорттық сайыстарға жұмылдырудағы, ұйымдастыру жұмыстарын үйлестірудегі белсенділігі мен қолдауы үшін ерекше ризашылығымызды білдіреміз.

Осы ауқымды спорттық мерекені бірлесіп ұйымдастырған Әкімшілік департаменті мен Жергілікті кәсіподақ ұйымына, сондай-ақ іс-шараны дайындауға, өткізуге, қатысушыларды тамақтандыруға және қолайлы жағдай жасауға атсалысқан барлық қызметкерлерге алғысымыз шексіз!

Мерекелік іс-шара көтеріңкі көңіл күйде, достық пен өзара сыйластық атмосферасында өтіп, қатысушыларға ерекше әсер, жарқын эмоциялар мен ұмытылмас сәттер сыйлады. Қызметкерлер белсенді демалысты ұйымдастыруға көрсетілген қамқорлық пен әріптестер арасында уақытты тиімді өткізуге жасалған мүмкіндік үшін Қоғам басшылығы мен Жергілікті кәсіподақ ұйымына алғыстарын білдірді.





Мұндай іс-шаралардың өткізілуі – Қоғам әкімшілігі мен Жергілікті кәсіподақ ұйымы арасындағы тиімді әлеуметтік әріптестік пен өзара ынтымақтастықтың жарқын көрінісі. Бұл бірлескен жұмыс қызметкерлердің денсаулығын нығайтуға, бұқаралық спортты дамытуға, бос уақытын мазмұнды ұйымдастыруға, еңбек ұжымының бастамаларын қолдауға және корпоративтік бірлікті арттыруға бағытталған.

Спорттық сайыстардың басты құндылығы тек жеңіс пен жүлдеде ғана емес, сонымен қатар әріптестер арасындағы достықты, өзара құрметті, ұрпақтар сабақтастығын және үлкен еңбек ұжымының ауызбіршілігін нығайтуда жатыр.

Осы жарқын спорттық мерекенің жоғары деңгейде өтуіне үлес қосқан барлық ұйымдастырушыларға, басшыларға, кәсіподақ белсенділеріне және қатысушыларға шын жүректен алғыс білдіреміз!











Официальные (рыночные) курсы валют
Официальные (рыночные) курсы валют


Акимат города Актобе

Акимат Актюбинской области

«ПетроКазахстан Инк.»