|
|
Асық ойнаған азбас
Спорт в коллективе Асық ойнаған азбас 28.10.2025 Ұлттық спорт жайлы сөз болса, көптің ойына тек көкпар мен бәйге келері сөзсіз. Бірақ, ұланғайыр атырапты мекендеген біздің ел қоржынында мұнан өзге де спорт түрлері көп. Мәселен, теңге ілу, қыз қуу, тоғызқұмалақ, бес тас және асық ату. Айта берсең бұл тізім одан әрі созыла бермек. Ұлттық кодты ұлықтап, рухани құндылықтарды дәріптеу мақсатында төл спортты түлету және оған баса назар аудару - басты бағдар. Осы ұранды ту еткен еліміз Шымкент қаласында Республика күніне орай асық ату спортынан ересектер арасында “Respublica” турнирін өткізді. Шараға Ақтөбе облысынан қатысқан спортшылардың бірі Ғарышбек Құлыбек қарсылас шақ келтірмей бас жүлдеге тігілген автокөлікті жеңіп алды! Айта кетейік, жарыста 17 өңірден 40-қа жуық спортшы бақ сынасты. Жеңімпазымыз «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ МжМӨӨБ ГӨБ 2 санатты инженер-диспетчері болып қызмет атқарады. «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-дағы еңбек жолын 2018 жылы 2-разрядтағы аула сыпырушы ретінде ҚТжСБ-нан бастаған Ғарышбек адал еңбегі, тұрақтылығы, жауапкершілігі мен табандылығының арқасында беделі артып, қызметтегі лауазымы өсті. Ұлттық спортымызды ұлықтауға өз үлесін қосып жүрген Ырғыз ауданының тумасы үстел теннисінен де құр қол емес. Өскелең ұрпаққа үлгі боларлықтай әріптесімізді мақтан тұтамыз.
2025 жылы бағы мен бабы қатар шапқан Ғарышбек осыған дейін де бірнеше турнирлерге қатысып, жүлделі оралды. Айта кетсек, 12–15 қыркүйек аралығында Талғар қаласында өткен "Ақ бидай" республикалық ауыл спорты ойындарында асық ату мен бес асықтан өткен сайыста қола жүлдегері атануымен қатар, іріктеу кезінде ойынды небәрі 1 минут 5 секундта аяқтап, Қазақстан рекордын жаңартты. Ал Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Атырау және Ақтөбе облыстарының қатысуымен өңірде өткен жарыста Ғарышбек 1-ші орынды қанжығасына байлады.
Асық ату – спорт пен дәстүрдің үндестігі. Бұл сайыс – тек жарыс емес, рух пен жігердің, тарих пен бүгіннің тоғысқан тұсы. Осындай додада биіктен көріну – әр спортшының ғана емес, тұтас өңірдің абыройы. Ақтөбелік Ғарышбек сол биіктен көріне білді. Еңсемізді көтерген азаматты қолдап, қолпаштау біздің міндет. «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос». Нұрлан Нұртазин |
| Система энергетического менеджмента. Уведомления |
Информация для энергопотребителей |
Транспортировка товарного газа |
Водоотведение | CBK | Объявления | Информация для акционеров | Учредительные документы |





